×

Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды

Тілшілер Мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевке сұрақ қойды

Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды
Фото: Kazinform

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев күдікті Қуандық Бишімбаевтің ұсталған туысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Оның туысқандығын мен нақты айта алмаймын. Оның ағасы ма, інісі ме деген ақпаратты қазір бере алмаймын. Бірақ туысқаны екені нақты. Сол күні, оқиға кезінде қасында болған. Бірақ осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Ол туралы Қылмыстық кодекстің жеке бабы бар. Тіпті қылмысты жасыруға тырысқан», – деді ол.

Тілшілер құзырлы орган өкілінен марқұм Салтанат Нүкенованың өлімінің ресми себебін нақтылап сұрады.

«Бұл қылмыстық іс бойынша қазір барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Бүкіл ақпарат сіздерге берілді ғой. Енді марқұмның өліміне алып келген бұл, әрине, Қ.Бишімбаевтың іс- әрекеті екені, заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесі екендігі сөзсіз. Қылмыстық істі тергеу нәтижесі бойынша сараптамалар дайындалғаннан кейін тергеу органдары қосымша хабарлайды», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Жандос Өмірәлиевтің сөзінше, тергеу органдары бастапқыда ақпарат бермегенімен, қазір толыққанды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Тергеу органдары бірінші күні осы қылмысқа кінәлі Қ.Бишімбаев өзінің құқықтарын пайдалана отырып, қандай да бір мағлұматтар беруден бас тартып отырғанын айтқанын білесіздер. Бұл бірінші күндері солай болған. Бірақ қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Басқа да нақты деректер айтылған болса, оны сұрату керек», – деді Жандос Өмірәлиев.

Қуандық Бишімбаевқа асқан қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылып отырғаны да айтылып өтті.

«Бишімбаевтің үстінен асқан қатыгездікпен кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Сондай-ақ ол ұсталған болатын және оның туысқаны аталған қылмысты бүркемелеп, полицияға хабарламағаны үшін изоляторға алынды», – деді ол.

Еске салайық, бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →