Саденов есірткі жасырушыларға жазаны жеңілдетуді ұсынды
Ішкі істер министрі Ержан Саденов есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы баяндама жасап, есірткі жасырушыларға жазаны жеңілдетуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қоғамда есірткі жасырушыларға (закладчик) жазаның тым қатаң екені туралы мәселе көтеріліп жатыр.
Министр егер есірткі таратушылар қылмысты бірінші рет жасаса және тергеумен белсенді жұмыс істесе, жауапкершіліктен босатуға болатынын атап өтті. Бұл түзетуді депутаттар мақұлдауы керек.
«Бұл жастар мен жасөспірімдерді осы салаға белсенді тартумен байланысты. Расымен, есірткі өткізушілердің портреті бүгінде өзгерді. Оларға интернетті белсенді пайдалану үйреншікті жағдай», – деді министр.
Оның айтуынша, жастар есірткі таратушылардың қатарына жеңіл табысты көздеп, төмен құқықтық сауаттылық, мәдени және әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі салдарынан түседі. Бүгінде кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, тағы 26 жасөспірім жауапкершілікке тартылған.
«Мұнда да біз келесі түзетулерді әзірледік: егер қылмыс бірінші рет жасалса, сондай-ақ кінәлі тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, есірткі өткізушілерді жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қолданыстағы заң жобасы аясында осы ұсынысты қарастыруды сұраймын», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін прокурорлар Қазақстанда нашақорлар саны 150 мыңға жеткенін айтқан.