Елімізде жаңа жыл қарсаңында «Шырша» жедел шарасы басталды
Орманда шыршаны шауып алған адам 10 жылға дейін сотталады. Тәртіп сақшылары заң бұзғандарды құрықтау үшін жұрттан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қазірден бастап шырша сатылатын базарларды ғана емес, ну орманды да назарда ұстамақшы.
Елімізде жаңа жыл қарсаңында "Шырша" жедел шарасы басталды.Тәртіп сақшылары мен табиғат қорғаушылар арнайы топ құрып, жасыл желекке балта шапқандармен күреседі. Тіпті ну орманы бар шалғай елдімекендерге дейін барып рейд ұйымдастырады.
Қылқан жапырақты ағашты аяусыз отап пайда табатын қылмыстық топтарды мереке алдында саудасы қызатын базарлардан іздейді. Құжатсыз шырша сатқандарға жаза қатаң. Полиция қарапайым тұрғындардың да аталмыш шараға атсалысуын сұрайды. Орманда ойран салып ұсталғандардың айыппұлы да ауыр. Ең аз мөлшері 170 мың теңге. Кесілген шырша үшін тіпті ұзақ мерзімге сотталуы да мүмкін.
«Келтірілген шығын 100 АЕК асқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Қылмыстық заңнамамен іс-әрекеттің ауырлығына байланысты 160 АЕК көлемінде, не одан жоғары айыппұл немесе 10 жылға бас бостандығынан айырылады», – дейді СҚО ПД табиғат қорғау полициясы тобының инспекторы Еркем Ғалиулина.