Тың деректер пайда болды
Ақтауда үш баласын өлтірген әке мен оның отбасына қатысты тың деректер пайда болды деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Caravan.kz медиа-порталына сілтеме жасап.
Бүған дейін Ақтауда полиция кәмелетке толмаған 3 баласын өлтірді деген күдікпен ұстаған 36 жастағы ер адамға қатысты өзге ағымның жетегінде екендігі туралы деректер болған.
Енді Евразия бірінші арнасының Koremiz бағдарламасында үш баласын өз қолымен өлтірген Жәнібек Есеновтің Сириядан "Жусан" операциясы арқылы елге оралғандығы анықталып отыр, деп жазады басылым.
"Жусанмен" келген. Атырауда "БРТ" болып тіркеуде тұрған," - дейді журналистердің сауалына жауап берген полиция өкілдері.
Жәнібектің жат ағымның жетегінде екендігін көршілері мен оның туыстары да расқа шығарып отыр.
"Олардың ұстанымдары бөлек. Тұмшаланып жүреді", - дейді Жәнібектің туған жездесі. Жездесінің айтуынша, Жәнібек пен оның жарының қандай ағымда жүргендігі белгісіз.
Үш баласынан айрылған Айдана журналистерге қысқа-нұсқа пікір білдірді.
"Мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас. Бәрі "вахабис" дейді. Айта берсін. Маған бәрібір. Мен ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз ісіме жауап беремін. Болды. Маған бәрібір. Балалар Аллахқа қайтты. Сол адамның себебімен Аллахқа қайтты. Болды", - дейді анасы.