×

Алматыдағы көпқабатты ғимараттардың 35%-ы сейсмикалық талапқа сай емес

Ғалымдар нақты қай жердегі ғимараттар екенін ашып айтпай отыр

Алматыдағы көпқабатты ғимараттардың 35%-ы сейсмикалық талапқа сай емес
Олег Спивак

 

Алматыдағы көпқабатты ғимараттардың үштен бірі жойқын жер сілкінісіне төтеп бере алмайды. Сейсмология институты соңғы екі жылда 11 мыңнан астам нысанға зерттеу жүргізген. Тексерілген ғимараттардың 35%-ы сейсмикалық талапқа сай болмай шыққан. Бірақ ғалымдар нақты қай жердегі ғимараттардың жер сілкінісіне төтеп бере алмайтынын ашып айтпай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. 

Сөйте тұра, Алматы мен оның айналасы жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін аса қауіпті аймақ деп дабыл қағуда. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейінгі аралықта 7-ден 9 балға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін сейсмикалық қауіпті орындар бар.

«Бүгінгі таңда Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық қауіпте орналасқан. Соңғы өзгерістерге келетін болсақ, әлемдегі жаңа технологияларды ескере отырып, қаладағы бірқатар нормативтік  құжатқа өзгерістер енгіздік. Соңғы өзгерісте қаланың әлеуметтік нысандары бойынша 2-3 қабаттан артық ғимарат салуға рұқсат берілмейтін. Талдау, ғылыми жұмыстарын аяқтап, біз оны 5 қабатқа дейін салуға болатындай қылдық. Бұл тек 9 балдық сейсмикалық аймақтарға қатысты. Ал 10 балдық жер сілкінісі болатын аймақ деп болжанатын жерлерде әлеуметтік нысандарды 3 қабаттан асыруға болмайды», - деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев.

Оның айтуынша, қаладағы барлық құрылыс нысанына мониторинг жүргізіліп жатқан жоқ. Ал салынғанына 70 жыл болған «хрушевкаларды» толықтай бұзу керек. Олар жоғары дүмпулі жер сілкінісі тұрмақ, орта дәрежедегі дүмпулерге де төтеп бере алмайды.

«Қаладағы құрылысқа түпкілікті мониторинг жүргізіліп жатқан жоқ. Оны меншік иелері, ұйымдар жүргізуі тиіс. Біздің ұйым соңғы екі жылда 11 мыңға жуық нысанның сейсмикалық жағдайын тексерді. Дербес нормотивтік құжаттар бар, солар сақталуы тиіс. Өкінішке қарай, 11 мыңнан астам үйдің 35 пайызы сейсмикалық тұрғыдан жарамсыз, қайта жөндеу жұмыстарына жатқызылады. Бірақ бұған қаладағы барлық нысандар қамтылмаған. Алдағы уақытта қолға алып жалғастыру керек деп санаймын. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуы тиіс», - деді Бегман Құлбаев.     

ТЖМ Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Алматы мен оның айналасы өте қауіпті аймақ саналатын ерекше атап өтті. Бірақ ол биыл жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптар арқылы 40 мыңға жуық: 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы 6900 жер сілкінісі тіркелген.

«Бұл – сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни, бұл жалпы жеңіл дүмпулер. Халық сезінетін күшті дүмпулер де бар. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында 66, атап айтқанда, 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 11, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 11, 2022 жылы 9 сейсмикалық оқиға тіркелді. Соңғы сезілген жер сілкінісі 2022 жылғы 28 желтоқсанда Алматыдан Қырғызстан мен Қытай шекарасында 190 км жерде болды», - деді спикер.

Ғалымдардың пікірінше, зілзаланың болуын шындығында, алдын ала анықтау өте қиын. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағы қауіпті аймақ саналады. Жалпылай алғанда Қазақстанның 40% сейсмикалық белсенді, қауіпті аймақ саналады. Әсіресе, Алматы өңірі бүкіл Орталық Азияда өте қауіпті сейсмикалық аймақ саналады. 1887 жылы Верныйда және 1911 жылы Кеминде болған жойқын жер сілікіністері соның дәлелі болмақ. Қауіп әлі де азайған жоқ.

«Қазақстандық сейсмолог ғалымдар ел аумағындағы сейсмикалық қауіппен үнемі жұмыс істеуде, сейсмикалық әлеуетті көрсете отырып, сейсмикалық қауіпті, сейсмогендік аймақтар, сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеп жатыр. Алматы үшін сейсмикалық микрозоналау картасы әзірленді», - деді ТЖМ Сейсмология институтының баспасөз қызметі.

Институт мамандарының мәліметінше, қысқа мерзімді жер сілкінісін нақты болжау мәселесін әлі бірде-бір мемлекеттің ғылымы шеше алмаған. Кеше ғана жойқын зілзала болған Түркияның ғалымдары да өз саласында жетістікке жеткен, озық технологияны пайдаланады. Бірақ қысқа уақытта болған жер сілкінісін олар да дер кезінде анықтай алмаған.

«Түркияда сейсмикалық желілер жақсы дамыған және қазір онда мықты мамандар жұмыс істейді. Бірақ болжамға келетін болсақ, оны болжау өте қиын, тек Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде солай. Қысқа мерзімді болжам жасау өте қиын, ол ғылыми ізденіс сипатына ие мәселе. Қысқа мерзімді жер сілкінісін нақты анықтаған жалғыз жағдай Қытайда болды. Бұл – бүкіл әлемде әлі шешілмеген мәселе», - деді ҚР ТЖМ Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.

«Біздің елімізде  жер сілкінісі болып тұратыны өте өкінішті. Қазақстан да Түркия секілді сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сол себепті, Қазақстан жаңа технологияларды қолданысқа енгізу жағына көп көңіл бөлуі керек. Бізде Жапония компанияларымен келісімшарт бар. Яғни, біз құрылыста  Жапонияның конструкциялық технологияларын қолданамыз. Сол секілді жапон елінің технологияларын енгізу бағыты бойынша Қазақстанға да жұмыс істеуі керек», - дейді түркиялық құрылысшы-инженер Бирон Дойранли.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →