×

«5 жыл күткен перзенті өмірге келді»: Демеу Жадыраевтың анасы ұлының жеңісі туралы айтты

Демеуге үйдегілері спортты тастау керегін айтса да, ол чемпиондық жолдағы күресін тоқтатпаған

«5 жыл күткен перзенті өмірге келді»: Демеу Жадыраевтың анасы ұлының жеңісі туралы айтты
Фото: Күлипа Бижанованың жеке мұрағатынан / kaz.inform.kz

Демеу Жадыраев Олимпиадаға жолдама ұтып алғанда ол 5 жыл күткен тұңғышы Дана өмірге келіп жатқан. Олимпиаданың күміс жүлдегерінің анасы Күлипа Бижанова ұлы туралы Turkystan.kz сайтына әңгімелеп берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз Жетісу облысы Пан­филов ауданына қа­расты Үшарал ауы­лын­да тұрамыз. Өзім де, жолдасым да осы ауылда туып-өс­тік. Мен – мал­­­­шы­ның қызымын. Жол­­дасым Нұр­­дәу­лет те мал­шы болды. Талай жыл шопыр бо­лып жұ­мыс істеді. 2001 жылы дү­ниеден өтті. Көп­шілік баламның аты-жөніне таңғалып жатса керек. Жа­дыра – арғы атасының есімі. Ұлымның есімін Демеу деп өз атасы қойды. Жақын досының аты Демеу болса керек. Мен төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Демеу – ең кенжем. Бәрі үйлі-баранды, балалы-шағалы. Төртеуі Алматыда тұрады. Қара шаңырақта Демеудің алдында туған ағасы Нұрбақытпен бірге тұрамын. Демеу әрі-бері жарыстан жарысқа, жиыннан жиынға шапқылап жүреді. Алматыда тұруға тиіс. 
Балам Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұр­бақыт Теңізбаев екеуі – бір ауылдан түлеп шыққан спорт­шы­лар. Ауылда балалар сыртта ойнап, ақырында спортқа қы­зығады ғой. Сол кезде Демеу де спортқа бейім болып, күресте же­тістікке жеткен үлкендердің суреттерін көріп, армандайтын. Мұ­ны байқаған әкесі оны 3-сынып оқып жүргенде күрес сек­циясына жетектеп апарды. Ең алғашқы бапкері Жұмахан Тұр­ғанбеков Талдықорғанға ертіп барып, ары қарай спортшы ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ин­тер­нетте кеше ба­лам жа­рысқа шық­қан­да Жұма­хан­ның кө­зі­не жас алып, тол­қып отыр­ған ви­­део­сы кеңі­­­нен та­рап кетті ғой. Ол ви­део­ны көр­­ген біздің де көңі­ліміз бо­са­ды. Жұма­хан «Тәте, Тал­ды­қор­­­ғанда да­рын­ды балаларға арнал­ған спорт ин­­тернаты ашыл­ға­лы жатыр» деп қыр­күйек­те мектепке барып жүр­ген баламды сұрап алды. Ол кезде Демеу 6-сыныпта оқитын. Сөйтіп, Талғат Баймұқанов, Елдос Қос­бағаров, Демеуді облыс орталығына алып кетті. Онда білім алған соң Алматыға оқуға түссе де, спорт­тан қол үзбеді. Сол кезде Жұмахан білікті бапкер Боран­бек Қоңыратовқа «Жалғыз жүрмесін. Ары қарай сіз жетектеңіз» деп баламды аманаттап, тапсырды. Жұмахан аяқ асты инсульт алып, ауырып қалды», – деді Демеу Жадыраевтың анасы.

Демеуге үйдегілері спортты тастау керегін айтса да, ол чемпиондық жолдағы күресін тоқтатпаған.

«Балам қазір 34 жаста. «Уақытың келді. Күресіңді қой­саңшы. Спорт, спорт деп шаршадың ғой» деп талай айттық. Ол «Шаршамаймын. Қоймаймын. Олимпиадаға дейін жетіп, карьерамды аяқтаймын» деп бой бермей қойды.
Бұрын ол «Сіз мен қатысқан жарысқа барсаңыз күрес­пеймін» дейтін. Бірақ алыстан теледидардан көріп, тақымымды қы­сып отырамын. Парижде барлық белдесуін көрдім. Көпшілік екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовты жеңгенін әлі күн­ге дейін айтып жүр ғой. Мен Ақжол секілді мықтыны ұтқан соң, қалғанын да ұтады деп сендім. Биыл балам үшін сәтті жыл болды. Бәріміз оған «Сенің жылың» деп айтамыз», – деді Күлипа Бижанова.

Демеу Олимпиадаға жолдама ұтып алғанда ол 5 жыл күткен тұңғышы Дана өмірге келіп жатқан.

«Бішкекте Олим­пиадаға жолдама ұтып алды. Сол жарысқа барғанда ке­лінім босанып, немерелі болдым. Демеудің бес жыл күткен тұңғышы – Дана қызым өмір есігін ашты. Немеремнің аяғы алтын! Демеудің Париждегі жетістігі – немеремнің несібесі. Асыға күткен немереміз әкесінің жолын оңғарып, жетістікке же­туіне септігін тигізді. 
Боз кілемде ұлымның өз-өзіне сенімді болғанын байқауға болады. Оның күмісі біз үшін алтынға бергісіз! Финалды үйде қала және ауыл әкімі, Талдықорған, Қапшағай, Алматыдан кел­ген журналистер және туыстармен отырып бірге тама­шаладық. Алматыдағы ұл-қыздарымды да шақырып алдым. Демеудің жары үш айлық баламен үйде отырған соң келе алмады. Адам саны көп болғандықтан, үйде көруге мүмкіндік бол­мады. Сондықтан аулаға теледидар қойып, бәріміз бірге көр­дік. Сонау Кегеннен Нұрбақыт келді. Оның анасы да қасымыздан табылды. Осындай сәтте қуанышымызды бөліскен оларға алғысым шексіз», – деді ол.

Демеу 10 тамызда Алматыға келетіні белгілі болды.

«Жарыс біткен соң Демеу «Анашым, күміс жүлде құтты бол­сын! Бәрі жақсы!» деп хабарласты. Кейін қарасам телеарна журналисіне «Алтын ала алмадым. Бұйырғаны – осы» деп сұх­бат беріпті. Бұл жүлдеге жеткен де бар, жетпеген де бар. Аллаға санс­ыз шүкір. Бұл – елдегі грек-рим күресі тарихында бізге бұйырған тарихи жүлде. Бұйырса, 10-тамызда Алматыға барып күтіп аламыз. 
Балам Қазақстанның абыройы үшін терін төкті, күшін сарп етті. Айлап үй көрмейтін. Апталап залдан шықпайтын. Екі ай жат­тықса, екі-ақ күн демалып, залға қарай жүгіре жөнелетін. Сол еңбегі ақталды! Балам секілді ел мерейін үстем ететін спорт­шыларымыз көп болсын! Спортта топ жару оңай емес. Мұн­дай қиын жолды таңдап алған балаға үнемі қолдау керек. Сон­дықтан Демеуім секілді елін сүйер азаматтар Қазақстан абы­ройын асқақтата берсін! Қоржынымыз Олимпиада жүл­делеріне молайа түссін», – деді Демеу Жадыраевтың анасы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →