×

«Адам құқығын бұза отырып, жазалауға болмайды»: Мұрат Әбенов жүргізушілерді тексеру тәсілін қайта қарауды талап етті

Ол бұған дейін кез келген көрсеткіш жүргізушіге қарсы қолданылып келгенін айтты

«Адам құқығын бұза отырып, жазалауға болмайды»: Мұрат Әбенов жүргізушілерді тексеру тәсілін қайта қарауды талап етті
Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жүргізушілердің мас күйін анықтаудың қазіргі тәртібін сынға алып, бұл салада азаматтардың құқықтарының бұзылу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол мәселе тек алкогольдің рұқсат етілген деңгейінде ғана емес, сонымен қатар жабдықтардың сапасында, сараптама жүргізу тәртібі мен медицина мамандарының қатысуында екенін атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, азаматтарда тексеру жүргізілетін құрылғылардың сертификатталғаны немесе оның техникалық жағдайы туралы толық ақпарат бола бермейді.

«Адамдарға ақпарат берілмейді, сертификат нөмірі қайда жазылғанын, қандай жабдық қолданылып жатқанын көрсетпейді. Бұл да – адам құқығын бұзу», – деді Мұрат Әбенов.

Ол бұған дейін Қазақстанда тым қатал тәсіл қабылданып, кез келген көрсеткіш жүргізушіге қарсы қолданылғанын айтты. Қазіргі таңда рұқсат етілген шекті мөлшерді көтеру мәселесі талқылануда.

«Денсаулық сақтау министрлігі кезінде қате шешім қабылданғанын мойындады деп ойлаймын. Мысалы, Еуропада 0,5 промиллеге рұқсат етілген, өйткені ағзадағы қалдық көрсеткіштерге дәрі-дәрмек немесе басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Бізде іс жүзінде "нөлдік" тәсіл болды. Қазір біз 0,3 көрсеткіші туралы мәселе көтеріп жатырмыз, министрлік те бұрынғы норманың тым қатал болғанын түсінеді», – деді депутат.

Әбенов көптеген елдерде құрылғының көрсеткіші ғана адамның жағдайы туралы түпкілікті қорытынды жасауға негіз болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, шешімді кешенді тексеруден кейін бейінді маман қабылдауы тиіс.

«Әлемде мастық күйін анықтау тек құрылғының көрсеткішімен шектелмейді. Міндетті түрде дәрігер-нарколог болуы керек, ол көптеген критерийлер бойынша толық тексеру жүргізіп, адамның шынымен мас екенін және көлік айдай алатын-алмайтынын анықтауы тиіс. Бізде бұл жұмысты мейірбикелер мен фельдшерлердің құзырына беріп қойған», – деп мәлімдеді ол.

Мысал ретінде депутат Алматыдағы жағдайды келтірді. Оның ойынша, онда полиция қызметкерлері процедураны өрескел бұзған.

«Әл-Фараби даңғылында полиция қызметкерлері тарапынан өте ауыр заң бұзушылық болды. Алматыда алкотестерлер де, наркологтар да бар. Сұрақты басқаша қою керек: неге ол адамды жарты сағаттан кейін жібере салды? Неге бірден қан тапсыртпады, неге бірден толық бағалау жүргізілмеді?» – деді Әбенов.

Ол бұл мәселе құқық бұзушыларды жауапкершіліктен құтқару емес, тек заң аясында әрекет ету қажеттілігі туралы екенін қадап айтты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →