Келесі жылы «Жайдарман» тікелей эфирде көрсетілуі мүмкін
Астанада өткізіліп келген «Жайдарманның» не себепті Алматыда ұйымдастырылатынын Qaz365.kz тілшісіне ұйымның атқарушы директоры Жанасыл Болатбеков айтып берді, деп хабарлайды
Еске салсақ, жақында «Жайдарманда» басшылық ауысып, жастар жобасының жаңа атқарушы директоры болып Жанасыл Болатбек тағайындалған еді.
«Жайдарман» ойындарының не себепті Алматыда өткізілетінін Жанасыл Болатбековтен сұрап білдік. Оның сөзінше, оған себеп – Алматының бір шетте қалып қоюы екен.
«Кейінгі жылдары Жайдарман тек қана Астанада болып жатыр. Ал Алматы бір шетте қалып қойды. Енді алдағы жылдары бұйырса концерттік жобаларды, премьер-лиганы тұрақты түрде Алматыда өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар Алматыда арнайы үлкен жобаларды да өткіземіз деп отырмыз», - дейді Жанасыл Болатбек.
Сондай-ақ Жанасыл Болатбектен жоба бойынша алда қандай өзгерістер, ерекшеліктер болатынын сұрадық.
«Үлкен өзгерістер бола қоймайды. Дегенмен, жасап жатқан бір шаруамыз бар. Заманға сай «Жайдарманды» стрим-алаңда тікелей эфирде көрсету мүмкіндігін қарастырып, келесі жылға жоспарлап жатырмыз. Келесі жылдың басты жаңалығы сол болады» - дейді ол.