×

Орал әуежайы төңірегіндегі дау: халық неге алаңдаулы

Халықаралық санкция салынған ресейлік бизнесмендердің Орал әуежайына құрылтайшы болуы елімізге санкция салынуына әкелмей ме?

Орал әуежайы төңірегіндегі дау: халық неге алаңдаулы
Ашық дереккөздерден

Соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында ең өзекті әрі қызу талқылауға айналған мәселе – әуежай. Әлеуметтік желілерде батысқазақстандықтар жаппай биліктен әуежайдағы ресейлік кәсіпкердің үлесін қайтаруды талап етіп жатыр, деп хабарлайды qaz365.kz сайтының өңірдегі тілшісі.

Әуежай ғимараты бюджет қаржысына салынды

2018 жылы «Орал қаласының халықаралық әуежайының терминалын реконструкциялау және жаңғырту» деген инвестициялық жоба жасалған. Жоба аясында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы, яғни консорциалды келісім жасалған. Ондағы шартқа сай «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жолаушылар терминалын (яғни әуежай ғимаратын) «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның меншігіне берген. Меншігіне алған соң «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ қаржы бөліп, реконструкция жасайды.

Әуежайды қайта салуға 6,6 млрд теңге қаражат Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в. компаниясының өңірді дамытуға бөлген әлеуметтік аударымдарынан алынды. Сол қаржыға терминал қайтадан салынған соң, «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ 2022 жылғы 6 сәуір күні «Мүлікті сенімді басқару» шартын жасап, әуежайды 3 жыл мерзімге «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-нің сенімді басқаруына берген.

Инвесторды таңдаған кім?

Дауға айналған әуежайға қатысты Орал қаласында баспасөз брифингі өтті. Оған қатысуы тиіс облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев келмей қалып, орнына облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев пен ««Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» АҚ басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаев келді.

«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ» басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС әуежайды басқаруға серіктестер іздеп, «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС басқарушы компаниясын инвестор ретінде тартқан. Бірақ, төрағаның айтуынша, бұл іске әуежайды сенімгерлікпен беріп отырған меншік иесі «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ» араласпаған.

Сөйтіп, әуежайдың бұрынғы иесі өзінің үлесін «Орал Аэропорт Холдингіне» сатқан. Былтыр құрылған бұл «Орал Аэропорт Холдингінің» консорциум мүшелері мен олардың әуежайдағы үлесі мынадай болып шықты:

1. "Орал Менеджмент" ЖШС қазақстандық компаниясының үлесі - 49%

2. Жеке тұлға ҚР азаматы Д.Килыбаевтың үлесі - 2%

3. Ресейлік "Ретранс" АҚ (УК "Аэропорты Регионов") үлесі - 49%

Яғни, ресейліктер қазақстандық екі үлескердің дауысынсыз шешім шығара алмайды. Бірақ, бір қызығы - екі заңды тұлғаның дауысы тең. Жеке тұлға кімге дауыс берсе, сол басым болады.

«Қазақстандық компания үлесін ресейлікке сатып жібермесіне кепілдік бар ма? Келісімшартта қаралған ба?» деген сауалымызға «кепілдік бар» деп жауап берді Айдар Менеев.

Жергілікті әкімдік не дейді?

Ресейлік компанияны «инвестор» деп атағанымен, әуежайға нақты қанша инвестиция салатыны әлі нақтыланбағанға ұқсайды. Себебі әуежайға арналған брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев облыс әкімдігі ««Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС мен Ресейдің «Ретранс» акционерлік қоғамы арасында жасалған мәміле туралы тілшілер сұрағына «Олар бізді өз жоспарлары туралы хабардар еткен жоқ. Біз ресми хат жібердік. Бізге олар екі-үш апта ішінде облыс басшылығына әуежайды дамыту жоспарлары туралы ақпарат беретіндерін айтты», - деп жауап берді.

«Стратегиялық нысан туралы шешім қалай қабылданды?» деген сұраққа Менеев: «Бұл Үкіметтің қаулысымен шешіледі. Біз шешім қабылдаған жоқпыз» деп жауап берді.

Вице-премьер Алтай Көлгінов: «Инвестор деп атауға болмайды»

Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің кулуарында:

Орал әуежайы республикалық меншіктегі объект емес. Мұнда ұшып-қону алаң ғана стратегиялық маңызы бар объект саналады. Алайда әуежайдың өзі, яғни ғимараты мен қоймалары, тағы басқа қоймалары жергілікті органға тиесілі объектілер мен «Aqjaiyq» ӘКК-ға тиесілі. Біз осы мәмілеге қатысты ақпаратты қосымша береміз. Мен Мемлекеттік мүлікті басқару комитетіне тиісті тапсырманы беремін, - деді.

Ал Премьердің тағы бір орынбасары, БҚО-ның экс-әкімі Алтай Көлгінов өзі басшылық еткен кезеңде ұшу-қону жолағы жөнделгенін айта келіп, «Министрлік, әкімдік, біз, бұл мәселемен айналыстық. Содан кейін олар (кейінгі әкім Ғали Есқалиевті айтып тұрса керек, автор) күрделі жөндеу, тіпті әуежай терминалының жаңа құрылысы мәселесімен айналысты. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауымен жасалды. Ал сіздің қазір қойып отырғаныңыз мен үшін жаңа сұрақ. Мен де білмедім, өйткені мен бұл сұрақты қадағаламаймын. Сондықтан бұл мәселені әкімдікпен талқылау қажет. Менің ойымша, бұл мемлекет жөндеген стратегиялық нысандар мемлекетке тиесілі. Бірақ проблемалар болды, бұл ұшу-қону жолағы. Ал терминал жеке меншікте болды. Бірақ бұл жеке инвесторды инвестор деп атауға болмайды. Жеке меншік иесі, ол ұшу-қону жолағын да, терминалды да жөндеуге бір тиын жұмсамады, мұны мемлекет жасады. Сондықтан оны анықтау керек», - деді.

Ресейліктер әуежайға не салады?

Жоғарыда атап кеткеніміздей, ресейлік компания облыс басшылығына әуежайды дамыту жоспарларын әлі ұсынбаған. Ендеше әкімдік өкілдері қандай инвестиция жайлы айтып жүр және не талап етпек? Бұл жайлы «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ» басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаев:

  «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жаңа меншік иелерінен инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін міндеттер қоямыз. Атап айт, халықаралық әуежайдың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықты орнату, соның ішінде «Янтарь» радиоактивті материалдарды анықтаудың стационарлы жүйесі. Екіншіден, халықаралық әуежайдың материалдық-техникалық жарақтарын жақсарту. Сондай-ақ, БҚО тұрғындарының іскерлік және туристік байланыстарын кеңейту, билеттер құнын арзандату үшін авиакомпаниялар, әуе қатынастары мен бағыттары санын ұлғайту,  терминалдың жүк авиакаргосын салу міндеттерін қоямыз. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары, туристік бағдарламалар, қонақ үйлер, демалыс аймақтары пайда болып, экономикалық тиімділік болады деп күтеміз, - дейді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 маусымдағы N 651 қаулысымен бекітілген Мемлекетпен аффилиирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің тізбесінде "Орал" халықаралық әуежайы" ЖШС қатысу үлесінің 100% заңды тұлғалар акцияларының пакеттеріне жататыны көрсетілген. Кейін толықтырылып отырған қаулыда стратегиялық нысанға жататын ««Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС мүлкі: жер учаскелері, ұшу-қону жолақтары, жермен жүру жолдары, магистральдық жермен жүру жолдары, перрон, әуе кемелерінің тұрақ орындары, ұшу-қону жолағының жарық-сигналдық жабдығын энергиямен жабдықтау жүйелері, оның ішінде жарық-сигналдық жабдық және авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жүйелері деп анық көрсетілген. Яғни, әуежайдың аталған бөліктері стратегиялық нысан болғандықтан шетелдік инвесторға тиесілі емес. (Сілтеме https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P080000651_)

Ресейлік БАҚ не жазып жатыр?

Ресейлік БАҚ-тар да қазақстандық БАҚ сияқты «әуежайды сатып алды» деп жазып жазуда. Мәселен, РБК сайты «ресейлік «Аэропорты регионов» компаниясы М.Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайын сатып алды, келешекте әуежай базасын траспорттық хаб ретінде дамытатынын хабарлады» деп жазды. 

Құрылтайшы құрамына қосылған ресейлік «Аэропорты регионов» ҚК ресейлік БАҚ-қа «Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында ыңғайлы орналасуы мұнда транзиттік тасымалдарды дамытуға және оның базасында өңірлік хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа инвестордың келуі және жетекші әуежай компаниясының құзыреттерін енгізу әуе торабын одан әрі дамыту үшін елеулі перспективалар ашады» деп мәлімдеген.

«Настоящее время. Азия» сайты «Орал халықаралық әуежайын Еуроодақтың санкциялар тізімінде тұрған ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысқан компания сатып алды. Бұл жағдай  әуежайға жергілікті жер қойнауын пайдаланушы компанияның есебінен 14 миллион доллардан астам қаражат салынғанына қарамастан орын алды. Жергілікті шенеуніктер ол қаражатты ресейлік компания қашан және қандай шартпен қайтаратынын білмейді» деп жазады.

Халық неге алаңдаулы?

Жергілікті халықтың көңіліне алаң кіргізген жайт – жауапсыз сұрақтардың көп болуы. Әуежай мәселесіне арналған баспасөз брифингінде көп сұрақ жауапсыз қалды. Әлеуметтік желі белсенділері Үкіметтен, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтен жауап беруді сұрап жазба қалдыруда. Әзірге ешбір жауап жоқ.

Жұрттың көкейіндегі басты сұрақ – стратегиялық нысанның ресейліктердің үлесіне берілуі. Бұл көрші елдердің соғысынан туындаған геосаяси жағдайға тікелей қатысты.

Жауабы жоқ сұрақтың бірі – халықаралық санкция салынған ресейлік бизнесмендердің Орал әуежайына құрылтайшы болуы елімізге санкция салынуына әкелмей ме? Ресейлік «Аэропорты регионов» ҚК «Ретранс» компаниясына тиесілі. Ал БАҚ-та «Ретрансқа» миллиардер Виктор Вексельберг иелік ететіні, оның топ-менеджерлері басқаратыны айтылуда. Енді Орал әуежайы ресейлік әуе тасымалы торабына ене ме?

Көпшілікке түсініксіз тұсы – «инвесторларға» әуежай реконструкция мен модернизациядан өткізілген соң дайын күйінде берілуі. КПО б.в. компаниясының облысқа әлеуметтік төлемі есебінен әуежайға жұмсалған 6,6 млрд. теңге қашан және қалай қайтарылатыны әлі түсініксіз. Сенімгерлік басқару қашанға жалғасады? Үлескер компаниялар салынған инвестицияны қайтармаған күйі үлесін тағы біреуге сатып жібермесіне кепілдік бар ма?

Нұрлыбек Рахманов

 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бүкіл Корея Бишімбаевты айтып жүр – қазақстандық мигрант
28.04.2024ж. 11:11

Бүкіл Корея Бишімбаевты айтып жүр – қазақстандық мигрант

Қазақстандағы резонансты сот процесі ол жақта да айтылып жатқаны жөнінде ол жақында видео жариялады
Ол Бишімбаевтың Салтанатпен сөйлескен видеосының аудиосын жариялады
Бүгін блогер 24 сәуірде Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесіне қатысып, сот залына кірді
Жәбірленуші тараптың адвокаты Бишімбаевтан жауап алды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →