×

Әлеуметтік желіде қазақстандық құтқарушылардың адамдарды үйінді астынан шығарып жатқан видеосы жарияланды

Астында автор жаужүрек құтқарушыларға ризашылығын білдірген

Әлеуметтік желіде қазақстандық құтқарушылардың адамдарды үйінді астынан шығарып жатқан видеосы жарияланды
Видеодан кадр

Әлеуметтік желі пайдаланушысы Бурахан Дақан өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында қазақстандық құтқарушылардың Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен адамдарды үйінді астынан шығарып жатқан видеосы жариялады, деп жазады Qaz365.kz тілшісі.
Астында автор жаужүрек құтқарушыларға ризашылығын білдірген. 

"Ойлап қарашы, 150 сағат бойы (6,5 күн) зілзаладан құлаған қалың үйіндінің астында жатырсың, қозғалатын һәм тырп етер жерің жоқ. Қазып шығайын десең, асты-үстің бетон, жан-жағың да сол. Айналаң тас қараңғы. Айқайлай-айқайлай даусың шықпай, қарлығып қалған. Не бір жұтым су, не бір үзім нан жоқ.. Ұзақ қозғалмай жатқасын аяқ-қолың да ұйып, жансызданып барады.. Үміт үзілген, ақыл-естен адасып, айдан, күннен жаңылып, өлімді күтіп жатқаныңда – бөтен ел, бөтен жердің жігіттері сені тауып алып, ана қирандылар басып қалуы мүмкін болса да, үңгір жасап, сені алып шыққанда, шыға сала, "шыда, шыда" десіп, аузыңа бір жұтым су тосып, аяқ-қолыңды уқалап жатса, қандай күйде болады екенсің... Құдай басқа салмасын! 
Біздің жігіттер жарады! Арқаларыңдағы "Қазақстан" деген жазу неткен ыстық! "Жігіттер, жігіттер" деген сөздің өзі не тұрады. Мықтысыңдар, қысқасы! Аман-есен елге оралуларыңды ел боп тілейміз. Күтеміз!
Өз өмірлерін қатерге тігіп, қирандылардың арасында қалған әр жан үшін жан алып, жан берісіп жатқан біздің жігіттер елге келгенде қаһармандар ретінде күтіп алып, барынша құрмет көрсетілуі тиіс. Олар соған әбден лайық!"
- деп жазады ол.

Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 35 418 адамға жетті. Бұл туралы ел Президенті Режеп Тайып Ердоған телеүндеуде мәлімдеді.  Түрік басшысының айтуынша, жарақат алған 13 208 адам ауруханаларда ем алып жатыр. Апат аймағындағы іздеу-құтқару және басқа да жұмыстарға 250 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер тартылған.                                                                                   

 Бұған дейін жойқын жер сілкінісінен аман қалған Ерзин қаласы туралы жазған едік.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →