×

Смайылов коммуналдық апаттар үшін комитет төрағасына сөгіс жариялады

Сондай-ақ министрге ескерту жасады

Смайылов коммуналдық апаттар үшін комитет төрағасына сөгіс жариялады
Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын кешіктіргені үшін сөгіс жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы саладағы күрделі проблемаларды ескере отырып, елдің тіршілік көзіне қажетті барлық жүйені жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруды тапсырғанын айтып өтті.

«Ол үшін біз заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық актілерді қабылдадық. Бұған дейін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтерін түзете алмай келген едік. Енді оған мүмкіндік туып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.

«Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.

«Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ», — деді Әлихан Смайылов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →