×

«Таза Қазақстан» акциясы Маңғыстау облысында жалғасуда

Тарихи-мәдени нысандардағы экологиялық акциялар

«Таза Қазақстан» акциясы Маңғыстау облысында жалғасуда

18 маусымда Маңғыстау ауданында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл жолы "Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінің аумағы қоқыстан тазартылды. Еріктілер тұрмыстық қалдықтарды жинап, ғимарат ішінде де, оған іргелес аумақта да тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Акцияға "Жасыл ел" жастар жасағының 20-дан астам жастары белсенді қатысты. Қатысушылар тарихи-мәдени кешенді таза және жайлы ұстаудың барлық демалушылар үшін маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны таза ұстауға бағыттады.

"Отпан тау" тарихи-мәдени кешені Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылынан шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін "Таза Қазақстан" акциясы аясында ауданда "Ыбықты сай" шатқалының, Тобықты жеріндегі "Бекет ата" жерасты мешітінің, "Масат ата" қорымының аумағында, сондай-ақ, Ақмыш пен Шерқалада сенбіліктер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Оңды ауылында 200 ағаш, Жыңғылды және Жармыш ауылдарында 100 ағаш және Шебір ауылында 30 ағаш отырғызылған болатын.

"Таза Қазақстан" акциясы аясында Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында орналасқан "Қошқар ата" қорымында тазалау жұмыстары жүргізілді. Оған М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының қызметкерлері мен Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері қатысты.

"Қошқар ата" қорымы Ақтау қаласынан 17 шақырым жерде солтүстік-батыс бағытта орналасқан. Қорым жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ Маңғыстау облысының өңірлік маңызы бар киелі объектілерінің тізіміне енгізілген. Зерттеу жұмысының нәтижесінде мұнда 81 тарихи ескерткіш тіркелген.

"Таза Қазақстан" акциясы Мұнайлы ауданы Баянды ауылының маңындағы "Бердібек әулие" қорымының аумағында жалғасты. Акцияға Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының әртістері, Маңғыстау облысы Мемлекеттік мұрағатының ұжымы, сондай-ақ «Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты "Отпан" МКҚК ұжымы өз үлестерін қосты.

Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 19,5 шақырым қашықтықта орналасқан "Бердібек әулие" қорымы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қорымда құлпытастар, тас қоршаулар және тастан жасалған әртүрлі пішіндер бар. Мұндағы басты нысан күмбезтамның ең ежелгісінің құрылыс тастары жартылай өңделген ұлутастардан саз балшық араластырылып көлденең қаланған.

Бұдан әрі "Таза Қазақстан" акциясы Қарақия ауданындағы "Бозжыра" шатқалының аумағында жалғасты. Жыл басынан бері "Жабайұшқан" мемлекеттік қорығының аумағында орналасқан "Бозжыра" шатқалына әртүрлі елдерден мыңнан астам турист келіп үлгерді. Аймақта туристердің көп болуына байланысты әртүрлі қалдықтар да көп жиналады. Акцияға "Қызылсай мемлекеттік өңірлік паркі" КММ инспекторлары мен белсенді жастар қатысты. Акция барысында 20 қаптан астам түрлі қоқыс жиналып, арнайы полигонға жөнелтілді.