Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңір тұрғындарын құттықтады
Түркістанда Республика күніне арналған «Жаса, жайна, Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы өтті. «Тұлғалар» прологымен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңір тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
– Еліміз үшін бұл мерекенің ерекше тарихи мәні бар. Мемлекет Басшысының Ұлытауда өткен құрылтайдағы шешімінен кейін Республика күні ұлттық мерекесін жаңа мазмұнда атап өтудеміз. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздеріне жол ашты. Біз егемендік жылдары қиындықтар мен сын-қатерлерді бірге еңсердік. Таяуда Президентіміз Түркістан өңіріне жасаған сапарында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Облыстың рухани, мәдени тынысымен және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Қолға алынған жұмыстарды жоғары бағалады. Соның ішінде Түркістанның таза әрі көрікті қалаға айналғанын атап өтті. Бұл – бәріміздің ортақ жемісіміз. Өңір жұртшылығы туған жерге және қоршаған ортаға құрметпен қарауды парызы екенін ұғынды. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының рөлі орасан екенін жеткізгім келеді. Түркі әлемінің астанасы, қасиетті Түркістан шаһары Президенттің бастамасымен енді жаңа статусқа ие болуда. Баршаңызды тағы да Республика күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, молшылық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгілік болсын! – деді облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы.
Салтанатты жиында облыстағы бірқатар адамдардың еңбегі еленді. Ұлық мерекеге орай облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан белсенді тұлғалар ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «Парасат» ордені, «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шапағат» медалі, «Қазақсаттың еңбек сіңірген ұстазы» атағы сынды мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет басшысы «еңбекқор адам», «кәсіби маман» бейнесіне баса мән беруде. Шынайы, адал еңбегімен қоғамға сыйлы болған үлгілі тұлғалар мемлекетіміздің құрметіне бөленіп, елдің мақтанышына айналып келеді.