Соққыға жыққан балалардың ішінде отставкадағы полиция қызметкерінің ұлы да бар екені анықталды
Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы жасөспірімдер арасындағы төбелестің орын алуына байланысты, аудандағы бірқатар сала басшылары қызметтен алынды деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының М. Шермағанбет, денсаулық сақтау басқармасының бастығы О. Искаков, полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары Ш. Амитов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №70, №266 мектеп-лицейлерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылып, директорларына қатаң шара көрілетін болады.
“Сонымен қатар, Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс беріліп, басқа да жауапты мамандардың жауапкершілігі қаралатын болады”, — деді басқарма басшысы.