×

«Америкаға барып халықаралық дау туғызасыз» – тағы бір азамат «Болашақ» бағдарламасына шағым айтты

Сарапшылардың бірі мұғалімнің намысына тиетін сөз айтқан

«Америкаға барып халықаралық дау туғызасыз» – тағы бір азамат «Болашақ» бағдарламасына шағым айтты
Коллаж Qaz365.kz

Елімізде «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына жыл сайын конкурстық іріктеу өтеді. Оған шетелдік ұйымнан шақыру алған үміткерлер қатыса алады. Бұл бағытпен отандық ғалымдар жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Qaz365.kz редакциясына аталмыш ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурсқа қатысып өтпей қалған, сұхбаттасу кезінде сарапшылардың бірінен намысына тиетін сөз естіген Ақмарал Сүндетова есімді мұғалім хабарласты. Тілшіміз мән-жайды анықтап, маманмен әңгімелесті.

«Сізді ол жаққа жіберуге болмайды»

Ақмарал Сүндетова «Қазақстанның 500 ғалымы» тағылымдамасынан өтуге құжаттар тапсырған.  Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында гуманитарлық ғылымдар бойынша Дэвис университетінде (АҚШ) тағылымдамадан өтуге грант алу үшін сарапшылармен әңгімелесу өткен.

Оқытушының сөзінше, ең басында үш эксперт «Не үшін Америкаға барасыз, нені зерттейсіз» деп одан мақсатын сұраған.

«Мен өзімнің бағдарламам бойынша Қазақстан тарихын зерттейін деп жүрмін. Дэвис университетінде Ресейді зерттейтін өздерінің кафедрасы бар екен. Сол жерден шақырту алдым. Негізі олардың зерттеп отырған уақыты Қазақстан тарихына тиесілі. Әсіресе, Қазақстан Ресей отарына кірген уақыты. 1917 жылға дейін зерттеген уақыттары бар екен. Соны комиссия мүшелеріне түсіндірдім. Сонда маған алдыңғы үш сарапшы «бәрі жақсы» деп сәттілік тіледі. Ал төртінші сарапшының айтқаны: «Казахстан никогда не был колонией России! Вы будучи преподавателем учите этому студентов? Как вы можете? Когда вы поедите в Америку вы устроите международный скандал на фоне улучшения взаимоотношений с Российской Федерацией! Вас нельзя отправлять туда!» (Қазақстан ешқашан Ресейдің колониясы болған емес. Сіз мұғалім бола тұра студенттерге осылай үйретесіз бе? Қалай дәтіңіз барады? Америкаға барған кезде Ресеймен қарым-қатынасты жақсартудың орнына ол жаққа барып халықаралық дау туғызасыз. Сізді ол жаққа жіберуге болмайды)», – дейді маман.

Бұл әңгімеге не арқау болды

Ақмарал Сүндетова бұл оқиғасы жайлы жазам деп те ойламаған. Жақында Qaz365.kz сайтына шыққан «Болашақ» бағдарламасына тапсырып орыс тілінде акцентпен сөйлегені үшін іліне алмай қалған спорт медицинасының маманы Жасұлан Темірбаев туралы мақаланы оқыған. Содан өзінің оқиғасы жайлы редакцияға бөлісуді жөн көрген.

«Жасұлан Темірбаев көтерген мәселе сұмдық деп ойлаймын. Сол себепті өз оқиғамды жаздым. Қазақстан Ресейдің отарында болды дегенді мен шығарған жоқпын. Жалпы бағдарлама министрліктен жіберіледі. Ойдан шығарылған дүние емес қой. Иә, мен студенттерге солай дәріс оқып жүрмін. Құзіретке жата ма, жоқ па оны мен айта алмаймын. Бірақ оны дұрыстап қарастыру керек деп ойлаймын. Конкурсқа қатысқанда сарапшылардың арасында бір тарихшы болғанда мені түсінер еді», – дейді ол.

Ақмарал Сүндетова – 22 жыл педагогикалық тәжірибесі бар оқытушы. Марат Оспанов атындағы Батыс медицина университетінде тарих пәнінен сабақ береді.

Ол Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмәмдаған. Тарих ғылымының магистрі. IELTS, TOEFL сертификаттары, Scopus басылымында жарияланған мақалалары бар. Ол үш тілде еркін сөйлейді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақ береді.

«Кейінгі жылдары шетелден келген студенттерді оқытып жүрмін. Оларға «Мәселен, сіздер Үндістаннан келдіңіздер, ол мемлекет кезінде Ұлыбританияның отары болды. Қазақстан да сол сияқты Ресейдің отары болды» деп айтамын. Сабақ кезінде, әрине, осындай мысалдарды келтіремін. Комиссия мүшесі менің намысыма тиетін сөз айтты деп ойлаймын. Тек менің ғана емес, әр тарихшының, Қазақстан Республикасының әр азаматының намысына тиетін сөз деп есептеймін», – дейді маман.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →