×

Адамдар неге секіріп, балаларын лақтырды - Ақкент тұрғыны басты себебін айтты

Оның айтуынша, жағдай жанталасып секіретіндей болған жоқ

Адамдар неге секіріп, балаларын лақтырды - Ақкент тұрғыны басты себебін айтты
видеодан кадр

Алматының Алатау ауданы Ақкент шағын ауданы, 54 мекенжайында болған өрттен бір адам қаза тауып, 43-і зардап шекті. Осы тұрғын үй кешенінің тұрғындарының бірі Ерболат өз көзімен көрген жағдайды Qaz365.kz тілшісіне баяндап берді.

«Мен сол жердің тұрғынымын. Өрт кешкі 17:00-17:20-ларда басталды.  Бірден өрт шыққан үй жаққа бардық. Сол жерде бір кісілер терезеден матрас, кілем секілді заттарды лақтырып жатты. Жерден тосып алуды өтінгендер бар. Адам көп жиналды. Соның барлығы жан-жақтан ұстап, бір-екі адам секірді. Екі-үшеуін қағып алдық. Кейін өрт сөндірушілердің көлігі келіп, есіктің алдында тоқтаған. Бірақ үйдің артқы жағына өте алмады. Өйткені адамдар көліктерін бір-біріне жақын қойған. Сол көліктерді халық итеріп жүріп, жол ашып берді. Үйдің алдынан өрт сөндірушілерер сатымен шықты. Әр қабаттағы адамдарды сыртқа шығаруға тырысты. Артқы жағынан  кран келді. Онымен біраз адам түсірді. Үйдің алдыңғы бөлігінен біз жүрген жақтан 7-8 адам түсірді. Көбі балконда күтті. Үш баласы бар бір әйелді, одан кішкентай баласы бар бір әйелді түсірді. Сатыны терезеге қойып, тағы бір-екеуін құтқарды. Кейін өрт басыла бастады», – дейді Ерболат. 

Оның айтуынша, жағдай жанталасып секіретіндей болған жоқ. Өйткені терезені ашып, бастарын сыртқа шығарып тұрса да, тұншықпайтын еді деп санайды. 

«Әйтпесе, аса қатты тұншығатындай ештеңе болған жоқ. Есіктерді ашып тастап, тек қана балконда отырған кісілер бар. Балконның терезелерін ашып, сәл күте тұрғанда өрт сөндірушілер де келіп үлгерер еді», – дейді Алматы қаласының тұрғыны.

Ол өрт сөндіруші көлік, кран келгенде үйдің қасындағы көліктерден өте алмай, жергілікті тұрғындар жол ашып бергенін айтты.  Жылжыта алмаған көліктердің терезесін сындырып, жылдамдықтан шығарып итерген көрінеді.

«Кәдімгі таспен ұрып сындыра салуға да тура келді. Біз сол жерде  30 минуттай жүрдік. Айтпақшы, көппәтерлі үйлерде өрт болған жағдайда түсетін баспалдақ болу керек. Ақкентте бәрін балконға қойған. Жоғары қабаттан төменге сол саты арқылы түсу керек. Алайда оның 90 пайызын жауып тастаған. Адамдар үстіне зат қойған. Құлыптар  тұр. Сасқалақтаған кезде ол құлыпты аша алмайды. Кілті қайда қалғанын да білмейді. Сол саты арқылы түскен ешбір адамды көрмедім. Егер ашық болғанда үшінші қабатқа дейін келер еді. Секірген адамдар балкон ашық болғанда сонымен түсер еді. Мүмкін соны қадағалау керек пе, аштырту керек пе? Немесе басқа есік қажет», – дейді Ерболат. 

Ол 13-қабатта тұратынын айтты. Ерболаттан бір қабат төмен тұратын тұрғын құлып салып тастаған деп отыр. 

Еске сала кетейік, “Ақкент” шағынауданындағы 16 қабатты үйде өрт тұтанған.

Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.

31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.

Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.

Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.

Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.

Қала әкімі Ерболат Досаев өрт кезінде қаза болған әйелдің отбасына көңіл айтты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →