Кездесу соңында дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Қазақстан Президенті болып қайта сайлануымен құттықтағаны және ізгі тілегі үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға берді.
“Ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануыма орай жеке құттықтағаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Шын мәнінде, алғашқы шетелдік сапарым осы елге, Ресей Федерациясына жасалып отыр. Мұның терең саяси мәні бар. Әлбетте, бұл сапардың белгілі бір символдық мәні бар. Екінші жағынан, бұл қалыпты жағдай, өйткені мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық туралы әңгіме өрбіп отыр. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Бүгін осы тарихи датаға арналған Декларацияға қол қоямыз”, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар белсенді дамып келеді.
“Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық серіктес мемлекет болады және солай болып қала береді. Бізді түрлі саладағы терең қарым-қатынастар байланыстырады. Сіз Өңіраралық ынтымақтастық форумының кезекті отырысын меңзедіңіз. Бұл жолы ол Орынборда өтіп жатыр. Біздің одан әрі ілгерілуімізге елеулі негіз бар. Біздің елдеріміз арасындағы сауда көлемі пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан 24,5 миллиард долларға жетті. Ресей капиталының біздің елімізге бағытталуына қатысты үлкен жоспарымыз бар. Мен Мемлекет басшысы ретінде және біздің Үкіметіміз өзара тиімді шарттар негізінде Ресей капиталы Қазақстанда тұрақты жұмыс істеуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейіне көңіліміз толады деуге негіз бар. Сонымен қатар алға ұмтылу керек, дәл осы мақсатпен мен осында арнайы сапармен келдім”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.