×

«Жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек»: Нартай Аралбайұлы Мәжілісте дабыл қақты

Санавиация саласындағы өзекті мәселелер

«Жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек»: Нартай Аралбайұлы Мәжілісте дабыл қақты
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өзінің депутаттық сауалында санавиация саласындағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгінгі депутаттық сауалым ұшаққа автокөліктің жанармайын құйып ұшыратын, жарты ғасырлық ғұмыры бар әуе көліктерін өлім аузында жатқан адамды әкелуге жұмсайтын саладағы проблемалар туралы. Қазақ: «Қатты қыстан мал қалса — олжа, Қатты аурудан жан қалса — олжа» дейді. Ол олжа оңайлықпен оралмайды. Оның үстіне ауылдағы медицинасы тұрмақ, қаладағы медицинасы шатқаяқтап шайқалып тұрған Қазақстанның ахуалы айтпаса да түсінікті. Оған көз жеткізу үшін орталық мемлекеттік органдардың орағытып беретін есебін емес, қатардағы қарапайым қараша халықтың пікірін тыңдап көз жеткізуге болады», - дейді депутат.

Ол Қазақстандағы жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек  секілді деп айтты. Мысалы, мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкерілгенін көпшілік көрді. Ал сол ұшақ – АН-2 санавиацияға тиесілі. Оның артын қазбаласаңыз, қаншама сырдың беті ашылады деп отыр.

«2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде екен. Соңғы төрт жылдағы ұшулардың 70 пайызы АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен жүзеге асқан. Шалғайда қалып, жаны мұрнының ұшына келген адамға көмектің кеш барғаны былай тұрсын, ескі-құсқы ұшақ құламай жеткеніне қуанасың. Қазір жұрт ажалым арудан емес, авиациядан келе ме деп қорқады. Себебі АН-2 санавиациядағы басқа әуе көліктеріне қарағанда 1-1,5 сағатқа ұзақ ұшады. Мысалы, АН-2 4 сағатта жететін жерге, ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Соған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. Мысалы, 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі – 219 250 теңге болса, былтыр – 328 мың теңгеге жеткен. Ал ең қызығы, 2023 жылы санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалған. Одан авиация саласында не өзгерді, не толықты? Мысалы, 2023 жылы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан. Одан не шықты?» - дейді депутат.

Оның айтуынша, былтыр санитарлық авиация көліктері 2323 рет әуеге көтерілген. Сондықтан аталған қызметтің Қазақстанда қаншалықты сұранысқа ие екенін байқауға болады. Соған қарамастан қазірдің өзінде санитарлық авиацияға мұқтаж азаматтардың бәріне бірдей көмек жетпей жатқанын сөз етті.

«Сондықтан санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Оның орнына әлемдік стандартқа сай заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды пайдалану қажет. Екіншіден, санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау қажет. Әйтпесе, ескі ұшақтардан құтыла алмаймыз, ал бұл өз кезегінде онсыз да ауыр дертке шалдыққан адамды азаптау боп табылады. Үшіншіден, жоғарыдағы ұсыныстар жүзеге асқанша, еліміздің санитарлық авиациясындағы АН-2 ұшақтарына авиациялық жанармай құюды қамтамасыз ету керек. Себебі автокөліктің бензинін құйған ұшақтың алысқа ұшпайтыны тағы бар», - дейді мәжілісмен.

Депутат санитарлық авиация саласына қандай өзгерістер енгізу керегін атап өтті.

1.   Санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Оның орнына әлемдік стандартқа сай заманауи ұшақтар
мен тікұшақтарды пайдалану қажет.
2.    Санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау керек. Әйтпесе ескі ұшақтардан құтыла алмаймыз, ал бұл өз кезегінде онсызда
ауыр дертке шалдыққан адамды азаптау боп табылады.
3.    Алдыңғы ұсыныстар жүзеге асқанша қазір еліміздің санитарлық авиациясында ұшып жүрген АН-2 ұшақтарына авиациялық жанармай құюды қамтамассыз ету керек. Себебі автокөліктің бензинін құйған ұшақтың алысқа ұшпайтынына көз жетті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Семейдің жылумен жабдықталуы Үкімет назарында
Кеше, 18:26

Семейдің жылумен жабдықталуы Үкімет назарында

Қазіргі күнде ЖЭО-1 нысанындағы жөндеу жұмыстары қалыпты жүріп жатыр деуге болады
Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға көтерілді
Ғылым академиясында тамыз-қыркүйекте сайлаудың жаңа циклы өтеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →