×

Жеңіс голының алдында «Біссіміллә» дедім. Қазақстан футболшылары Финляндиямен матчтан кейін пікір білдірді

Қазақстан құрамасы Финляндиядан 2:1 есебімен басым түсті.

Жеңіс голының алдында «Біссіміллә» дедім. Қазақстан футболшылары Финляндиямен матчтан кейін пікір білдірді

Қазақстанның кешегі жеңісінің ыстығы әлі де басылар емес. Матчтан кейін бас бапкер, ұлттық құрама футболшылары пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бас бапкердің айтуынша, іріктеу кезеңі аяқталып келе жатқандықтан, әрбір ұпай маңызды.

«Еуроға жолдама алу үшін осы ойында тек жеңіс қажет болатын. Ойынның басын өзіміз қалағандай өткізе алмадық. Алаң иелері біртұтас команда ретінде ойнап, мүмкіндік бермей қойды. Ортада проблемалар болды. Айып соққысынан гол жібердік. Бірінші таймның соңында таразы басын теңестіруге мүмкіндігіміз бар еді. Пайдалана алмадық. Үзілісте жігіттерге осы қарқындарыңды жалғастыра беріңдер деп айттым. Екінші таймда жақсырақ ойнадық. Қауіпті шабуылдарды көптеп ұйымдастыра бастадық. Соның арқасында жеңіске жеттік», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.

Матчтағы екі голдың авторы Бактиер Зайнутдинов ойынның бірінші таймы қиынға соққандығын айтты. Оның сөзінше, үзілісте бас бапкер команданы жақсы жігерлендіре білген.

«Еуроға жолдама алу деген арманымыз бар. Сондықтан бүгін жеңілмеуіміз қажет еді. Әзірге мүмкіндік бар кезде, елтаңбамыз үшін соңына дейін бар күшімізді саламыз. Пенальти тебуге мүмкіндік берілгенде команда капитаны Асхат Тағыберген өзі маған теп деп айтты», – деді Бактиер Зайнутдинов.

Бактиер Зайнутдинов Финляндияға қарсы матчтағы екі голының арқасында ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанды.

«Бұл мен үшін құрмет. Руслан Тахирұлы егер рекордты жаңартсам, мейрамханаға апарамын деген. Сондықтан жақсы кешкі ас пен дәмі тіл үйіретін кәуап күтемін (күлді). Жоқ, ең дұрысы өзім апарғаным. Біз үлкенді сыйлап өстік. Шынын айту керек, 18 жасыма дейін мұндай армандамаған екенмін. Қазақстан құрамасының намысын қорғау мақтаныш сезімін ұялатады. Әзірге тарихқа енгенімді түсіне қойған жоқпын. Егер Абат Айымбетов қосылып, рекордты бұзып жатса, мен оған қуанамын. Бастысы – Еуроға шығу. Рекордтар дәл қазір маңызды емес», – деді Зайнутдинов.

Қазақстан құрамасының мергендері:

1. Бактиер Зайнутдинов – 14 гол;

1. Руслан Балтиев – 13 гол;

3. Виктор Зубарев – 12 гол;

4-5. Дмитрий Бяков, Сергей Хижниченко – 8 гол;

6-7. Нұрбол Жұмасқалиев, Абат Айымбетов – 7 гол.

Ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының бірі Рамазан Оразовтың айтуынша, матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеде көңіл күй жоғары болды.

«Бұрыштама добынан кейінгі голға келсек, Еркін Тапалов допты маған берді. Өйткені бас бапкер менің көтергенімді қалапты. Шынын айту қажет, қаламаған едім. Себебі күш қалмады. Допты қойған кезде «Біссіміллә» дедім. Сөйтіп, Зайнутдиновке көтердім. Ол жеңіс голын соқты. Енді қалған екі ойында да сәттілік біз жағында болса екен. Бүгінгі жеңіске жанкүйерлердің қосқан үлесі зор. Бізді қолдау үшін Хельсинки стадионына келді. Астанадағы ойында да көп адам қолдады. Қазақстанның әрбір аймағынан жанкүйерлік етіп жүргендерге алғысымыз шексіз. Біз мұны жеңіске жетіп, қайтарамыз», – деді Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов.

Айта кетейік, Қазақстан Еуро – 2024 іріктеу аясында Хельсинкиде Финляндия құрамасын 2:1 есебімен жеңді.

Жеті турдан кейін H тобының турнир кестесі:

  1. Словения – 19 ұпай (17-6);
  2. Дания – 19 ұпай (17-7);
  3. Қазақстан – 15 ұпай (12-9);
  4. Финляндия – 12 ұпай (12-9);
  5. Солтүстік Ирландия – 6 ұпай (7-9);
  6. Сан-Марино – 0 ұпай (1-26);

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Акцияның мақсаты – өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуға ел халқын біріктіру.
Жартылай марафонға 18 жастан асқандар қатысты

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →