×

Екі қазақстандық компания Еуроодақ санкциясына ілінуі мүмкін

Бұл екі компания да Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіркелген

Екі қазақстандық компания Еуроодақ санкциясына ілінуі мүмкін
Анна Огордник / РИА Новости

Қазақстандық "Аспан Арба", "Da Group 22" және өзбекстандық Mvizion компаниялары Еуроодақ әзірлеп жатқан Ресейге қарсы кезекті санкция тізімінде бар, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Мамыр айында халықаралық зерттеушілер санкцияланған тауарларды Ресейге тасымалдайтын компаниялар арасында Aspan Arba, Da Group 22 барын анықтаған. Бұл екі компания да Қазақстанда 2022 жылдың көктемінде Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіркелген.

Қазақстанның сауда деректеріне қарағанда, Aspan Arba Ресей армиясы пайдаланатын қытайлық DJI компаниясының дрондарын импорттаған. DroneAnalyst зерттеу ұйымының мәліметінше, DJI – Қытайдағы ең ірі дрон құрастырушы компания. Әлем нарығындағы дрондардың 90 пайызынан астамы осы компанияның үлесінде. Зерттеушілердің айтуынша, "Аспан Арба" Мәскеудегі "Небесная механика" компаниясына дрондар жіберген. Ал ол өз кезегінде оларды ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты ұйымдарға жеткізіп отырған.

Ақпаратқа қарағанда, Da Group 22 бір жыл ішінде Қазақстаннан Ресейге мыңдаған микрочип жеткізген. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) дерегінше, компанияның Германияда бизнеспен айналысатын ресейліктерге қатысы бар. OCCRP мәліметінше, 2022 жылы және 2023 жылдың басында Da Group батыс өндірушілерінен құны 800 мың доллар болатын микросхема және жартылай өткізгіштер алған.

Санкция тізіміне енуі мүмкін компаниялардың арасында Ташкенттегі Mvizion компаниясы да бар – қарашаның басында бұл компания АҚШ-тың санкциясына да ілінген. АҚШ сауда министрлігінің мәліметінше, фирма санкция салынған ресейлік компанияға электронды компоненттер мен бағдарламалар жеткізген. 

Соғыс басталғалы бері Орталық Азиядан, әсіресе Қазақстаннан Ресейге қос мақсаттағы тауарлар импорты күрт өсті. Шілде айында Өзбекстанның Alfa Beta Creative және GFK Logistic Asia компаниялары ЕО-ның Ресейге салған 11-ші санкция пакетіне енді. 

Еурокомиссияның ресми сайтында жарияланған баяндамасына сүйенсек, бұл екі компания Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін демеген, атап айтқанда, Батыстан Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі үшін тауарлар сатып алуға тырысқан деген күдікке ілінген.

Биыл сәуірде Open Dialogue халықаралық құқық қорғау ұйымы баяндамасын жариялаған. Онда Қазақстаннан Ресейге әскери өнеркәсіпте қолданылатын тауарлар, соның ішінде мылтық, радиолокациялық және навигациялық жабдықтар экспортының артқанын атап көрсеткен.

Еурокомиссия өкілінің айтуынша, жоғарыда аталған құжаттар осы аптада қарала бастайды. Жаңа пакет ұйымның 14-15 желтоқсанында Брюссельде өтетін саммит кезінде қабылдануы тиіс.

Еурокомиссия құжаты әлі толығуы мүмкін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бағдат Мусин қызметінен босатылды
30.04.2024ж. 19:02

Бағдат Мусин қызметінен босатылды

Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды
Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары төмендетілуі мүмкін
Тиісті бұйрық Ақорда сайтында жарияланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →